«Халықты тиімді баға бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір бағдарлама жоқ. Медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын», — деді Б. Жексенбай Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутат медицина қызметкерлері үшін демалыс күндерін ұлғайту мәселесіне де Үкіметтің назарын аударды. Емханадағы медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайына байланысты күнтізбе бойынша 36-дан 42 күнге дейін болады.
«Педагогтың мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтарға жыл сайын ұзақтығы 56 күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде медицина қызметкерлері еңбек жағдайларына байланысты кемінде 40 күн және одан да көп күнді құрайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы мерзімін көбейту мәселесін қарауды сұрап отыр», — деді Бибигүл Жексенбай.