«Бірлік, ынтымақ, толеранттылық, өзара құрмет, жанашырлық және әрқашан бір-бірімізге қол ұшын беруге дайын болу біздің дәстүріміз бен мәдениетіміздің негізінде жатыр. Біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құндылықтарды жасанды идеологиялық құрылымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ», — деді Президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы біздің көк паспортымызды бүкіл әлем құрметтейтінін жеткізді.
«Көк паспорт – мемлекеттің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны. Қазақстанның төл құжатына ешбір шетелде шектеу жоқ. Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Бұл – әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент инвесторларға қатысты да айтты.
«Біз шетелдік инвесторлар үшін әлі де тартымдымыз. Қазақстан әлемде халықаралық істерде жауапты және өз дамуында прогреске қол жеткізуге бағытталған әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылатын қарқынды дамушы ел ретінде кеңінен танымал. Бұл әсіресе күрделі геосаяси жағдайда, жалпы араздық пен сенімсіздік атмосферасының өсуі аясында өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті жақында елімізге келген Рим Папасының көзқарасына да тоқтала өтті.
«Таяуда, қыркүйек айында өздеріңіз де білетіндей, Рим Папасы Франциск Қазақстанға келгенде айтқан уағыздарының бірінде елімізді «кездесу мен диалог орны” ретінде көрінетінін, «бейбітшілік пен адами бауырластықты ілгерілету ісінің қозғаушы күші» болып табылатынын, «бір-бірін құрметтейтін бейбітшілік құру күш-жігері орталығы» санайтынын мәлімдеді. Понтификтің және адамзаттың ең беделді рухани көшбасшыларының бірінің осы сөздері Қазақстанды жан-жақты өте жақсы сипаттайды және құндылықтарымызды ерекше көрсетеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.