«Түркі жұрты Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жайлап жатыр. Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Осы ортақ құндылықтарымыздың мұрагері – Түркі мемлекеттері ұйымы. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан ары дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек», — деді Тоқаев.
Ол атағандай, сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі.
«Қазақстан ұйымға төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән беріп отырі. Сондай-ақ біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысады.
ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтіп жатыр.