«Елдегі коронавирустың таралуы туралы айтсақ, ахуал байыпты. Қыркүйек пен қазанда тамызға қарағанда азғантай өсу байқалды. Негізі аптасына орта есеппен 100-ге дейін вирус жұқтыру жағдайы тіркеледі. Былтырғы осы кезеңмен салыстырсақ, әрине, салыстыруға келмейді. Мысалы, былтыр тамыз айында 300 жағдай, қыркүйекте 500 жағдай тіркелген. Сандарға қарасақ, ахуал байыпты екенін көруге болады», — деді Айжан Есмағамбетова Астанада өтіп жатқан халықаралық медициналық конференция барысында.
Оның сөзінше, Қазақстан аумағында коронавирустың омикрон штамы ғана айналыста жүр.
«Қай вирус айналыста жүр дегенге келсек, бүкіл әлемде омикрон тарап кетті. Омикронның 600-дей түрі бар. Қазір біз өз еліміздегі жағдайға, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша қандай вирустың күш алып, қай түрі ауыр өтіп жатқанына мониторинг жүргізіп отырады. Біздегі соңғы реттеу дерегі бойынша, омикрон 100 пайыз айналыста жүр. Оның 25 пайызы омикронның «Эрис» дейтін түрі. Бұл әлемде сәл бұрынырақ пайда болған жаңа түр. Қателеспесем, алғаш рет биыл көктемде тіркелген. Қыркүйекте әлемнің 80-дей еліне тарап үлгерді», — деді Айжан Есмағамбетова.