12 қазан күні астаналық тұрғын үй кешенінің құрылысында 4 альпинист биіктен құлап, біреуі оқиға орнында көз жұмған еді.
Қалған үшеуі оқиға орнынан №2 қалалық ауруханаға жеткізілген.
Үшеуіне де жұмсақ тін жарақаты, қабырғаларының, жамбас сүйектерінің сынуы, ішкі ағзалардың жарақаты, жоғары дәрежелі шок және травматикалық жай-күй диагнозы қойылған.
Зардап шеккендер бірден қарқынды терапия палаталарына орналастырылған, алынған жарақаттар бойынша жедел емдеу жүргізілген.
«Алайда көптеген жарақат салдарынан екінші альпинист – 1999 жылы туған ер адам 12 қазан күні 17.40-та қайтыс болды. Бүгінгі жағдай бойынша 1999 және 2002 жылы туған екі альпинист реанимация және қарқынды терапия бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр», — деп хабарлады басқарма.
Өз кезегінде Астана әкімдігі де жағдайға пікір білдіріп, «Алтын бесік» тұрғын үй кешеніндегі бүкіл құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтағанын айтты.
«Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы аталған апатты тексеру үшін комиссия құрды. Нәтижелері бойынша апаттың себептері мен жауапты тұлғалар анықталады. Тергеу қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жолданады», — деп жазылған әкімдіктің ресми жауабында.