Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қаңтарда Астанада 23 рейс кешігіп жатыр. Олардың 9-ы ұшып кетуге және 14 рейс ұшып келуге тиіс болатын.
«Жолаушылар соңғы ақпаратты әуе компанияларының call-орталықтарынан, сондай-ақ әуежайдың ұшып кету және ұшып келу бойынша анықтама бөлімінен біле алады», — деп хабарлады елордалық әуе айлағының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, елорда әуежайы аумақта, оның ішінде ұшу-қону жолағында қар тазалау жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Рейстердің ұшып келу және ұшып кету уақыты туралы ақпаратты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының онлайн таблосынан білуге болады.