Мемлекет басшысы бұл конкурстың дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтіп, 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өскенін және қазір ел экономикасының даму деңгейі 34 пайызға жуықтағанын айтты.
«Бүгінде осы салада 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – еңбек ететін халықтың 40 пайызы деген сөз. Тағы бір жетістік: былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке – жиырма миллиард долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы жеті жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш салынатынын айтып, бизнесті өркендету үшін нақты шаралар қабылдана беретініне тоқталды.
«Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері. Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет», – деді Президент.
Жиын соңында Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.
«Алтын сапа» сыйлығының «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Павлодар облысының «Проммашкомплект» кәсіпорны, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша Алматы облысының «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жеңімпаз атанды.
«Парыз» сыйлығының шағын және орта бизнес иелері арасындағы Гран-при жүлдесі Ақмола облысының «Шуйское-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал ірі бизнес иелері арасындағы Гран-при жүлдесі Атырау облысының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» кәсіпорнына табысталды.
Сонымен қатар бизнеске қолайлы жағдай жасалған «Үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлыққа Шымкент қаласының әкімдігі, «Үздік аудан» санаты бойынша арнайы сыйлыққа Сәтбаев қаласының әкімдігі ие болды.