«Биылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр. Әлеуметтік кодексте, Салық кодексінде және басқа да заңдарда көзделген шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік сақтандыру жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік береді», — деді Ақмәди Сарбасов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Вице-министр Әлеуметтік кодекстің ұсынылып отырған жобасындағы зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.
Айтуынша, алдағы 5 жылда қолданыстағы базалық зейнетақы өседі.
«Еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарнасы енгізіледі. Кодекс жобасына салымшылардың өз активтерін басқару құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинағын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Салымшылар зейнетақы жинағының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына бере алады және мұндай компанияны өздері таңдайды», — деді Ақмәди Сарбасов.