«Жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатыр. Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысында – 66,5%. Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып бара жатқанын ескертті.
«Көмірге деген ұзын-сонар кезек, бағаның күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалды. Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет», — деді Премьер-Министр.