Халықпен кездесу өткізбеген министрлік басшыларының қандай да бір сылтау айтуы орынсыз деді Үкімет отырысында Әлихан Смайылов.
«Цифрлық даму, Еңбек, Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктері халықпен кездесулерді алдын-ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырды. Қорытындысы туралы арнайы брифингтер өткізді. Сонымен қатар кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі екі облыста кездесу өткізген жоқ. Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды», — деді Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр азаматтарды толғандыратын мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, сондай-ақ баға белгілеу салаларына қатысты екенін айтты.
«Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуы тиіс. Ел әкімдердің кездесулерін асыға күтеді, өйткені сұрақтардың көпшілігі жергілікті жерлерге қатысты. Сондықтан, олар жаңа форматта өткізіліп жатыр. Яғни, әкімнің өзі аудандарға жиі шығып, халықпен кездесіп тұратын болады. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99 пайызы шешімін табады», — деді Премьер-Министр.
Биылдан бастап мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі «Халықпен кездесу» индикаторы бойынша бағаланады. Осыған қарап, олардың жұмысының нәтижесін көрінеді.
«Сонымен қатар, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отыр. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1 млн 700 мыңнан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82 пайызы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Яғни, 2022 жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16 пайызға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған», — деді Әлихан Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар көп екенін айтты. Тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады.
«Сондықтан, әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», — деді Премьер-Министр.
Бұл тұрғыда ол министрлер мен әкімдер мәселелерді шұғыл шешуге назар аудара отырып, халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыруы керек екенін тапсырды. Әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша проблемалардың картасын әзірлеу қажет.
«Жоспарланған барлық кездесулер, олардың өтетіні туралы хабарландырулар, сондай-ақ шешімін тапқан мәселелер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.