«Өкінішке қарай, бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда», — деді министр.
Оның айтуынша, отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасылық қолдау орталығы жұмыс істейді. Оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар.
«Жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар, отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды. Тек осы жылдың басынан бастап 100 мыңнан астам кеңес берілді. Дегенмен қазіргі уақытта орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік орталықтардың қызметін стандарттау үшін бірыңғай Тұжырымдама жобасын әзірлеп жатыр», — деді А. Балаева.
Оның тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету. Келесі жылдан бастап, Отбасын қолдау орталықтарының барлығына бірыңғай жұмыс тәсілдері енгізіледі.