Орталықты «Исткомтранс» ЖШС салып жатыр. КЛО Қытайға жақын маңда орналасқандықтан, жүк тасымалына тиімді әрі логистикалық құрылымды қамтамасыз етуге қабілетті. Сондай-ақ бұл жердің «ҚТЖ» АҚ теміржол желісі арқылы өтетін Достық пен Алтынкөл стансаларынан кейінгі 2-ші станса екенін айта кеткен жөн.
КЛО Шығыс Еуропа, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қытай, Түркия, Орталық Азия елдеріне жүк тасымалдау жолында жатыр. Аталған аумақ толық қуатында жұмыс істей бастағанда Алматыға түсетін жүктеме азаяды және экология тазарады.
Мұнда 24/7 қызмет көрсетіледі. Оның ішіне, кросс-докинг аймағы, түрлі санаттағы жүктерді өңдеу және сақтау, контейнерлерді тиеу, оларды түсіру секілді қызметтер кіреді.
«Исткомтранс» ЖШС орталықты 4 кезеңмен дамытпақ:
- контейнерлі терминал;
- құрғақ порт;
- индустриалды аймақ;
- А-С санаттағы қойма салу.
Осы орайда, КЛО-ның жалпы аумағы 51,2 гектар болатынын айта кетейік. Оның 10 гектары индустриалды аймақ.
Серіктестіктің таныстырылымына қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның рекордты мерзімде жасалғанын айтты.
«Осыдан 1 жыл бұрын Қонаев қаласы облыс орталығына айналды. Сол кезде, рекордты уақыт ішінде осы жоба жүзеге асырыла бастады. Аталған жобаның облыс үшін маңызы зор. Біздің өңір ауыл шаруашылығы саласына маманданған болса да, бұл жерде логистикалық саланы дамытуға потенциал жоғары. Бұдан бөлек, КЛО жобасы жаңа заман талаптарына сай екені сөзсіз. Орталық салынуының арқасында тұрғындар жұмыспен қамтылады. Мұның да өзіндік маңызы зор. Компанияның серіктестерін, мамандарын жаңа жобаларымен құттықтаймын, сәттілік тілеймін», — деді өңір басшысы.