Жоба қазақ тілін қарапайым деңгейден меңгергісі келетіндерге де, өз білімін жетілдіруді көздейтіндерге де қолжетімді.
Онлайн форматта ұйымдастырылған сабақтар еліміздің кез келген нүктесінен ыңғайлы уақытта оқуға мүмкіндік береді. Тыңдаушыларға кәсіби оқытушылар дәріс өткізіп, заманауи интерактивті әдістемелер ұсынылады. Әр кезеңде кері байланыс беріліп, оқу процесі толықтай қолдау көрсетумен сүйемелденеді. Оқыту аяқталған соң қатысушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан ресми сертификат табысталады.
Жоба аясында 2025 жылдың ақпанынан қарашасына дейін 500 адамды оқыту жоспарланған. Оқу материалдарында лексикалық және грамматикалық минимумдар, оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым және сөйлесім дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі түрде берілген.
Қосымша онлайн карточкалар, мультимедиялық жаттығулар мен аудиоматериалдар арқылы тыңдаушылар жаңа тақырыптарды бекітіп отырады. Әр сабақ жазылып, арнайы YouTube арнасына жүктеледі. Осылайша, қандай да бір себеппен сабаққа қатыса алмаған оқушылар дәрісті кейін қарап, оқытушымен кері байланыс орната алады.
Жоба мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, тіл үйренушілерге қолжетімді әрі сапалы білім беруді мақсат етеді.






