Ресей Сыртқы істер министрлігі Башар Асадтың Сирия президенті қызметінен кеткенін ресми түрде мәлімдеді. Министрлік мәлімдегендей, бұл шешім Асадтың Сирия аумағындағы «қарулы қақтығысқа қатысушылардың бірқатарымен» жүргізген келіссөздері нәтижесінде қабылданған, деп хабарлайды alataunews.kz.
«Бұл келіссөздерге Ресей қатысқан жоқ», — деп қосты министрлік өкілдері.
Ресей Сирия оппозициясының барлық тобымен байланыста, деп хабарлады СІМ.
Айта кетейік, Башар Асад Сирияда билікті көтерілісшілерге беру туралы келіссөздер жүргізіп, АҚШ-тан ұрыс-қимылдарды тоқтатуға көмек сұраған.
Bild басылымы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, Сирия президенті Башар Асад Катарда көтерілісшілермен келіссөздер жүргізген. Басылымның дерегіне сәйкес, Асад 7 желтоқсанда отставкаға кетіп, Ресейге ұшып кетуі керек болған, ал содан кейін ұрыс-қимылдар тоқтатылмақ еді. Билік уақытша үкіметке, одан кейін көтерілісшілерге берілуі тиіс болған.
Сонымен қатар, Bild мәліметі бойынша, негізгі саяси күш ретінде Дамаскіге шабуыл жасаған «Хайят Тахрир аш-Шам» емес, Түркия қолдайтын «Сириялық ұлттық армия» танылуы керек еді. Бұл жоспардың не себепті жүзеге аспағаны басылымда нақтыланбаған.
Bloomberg агенттігі Асадтың Дамаск басып алынардан сәл бұрын АҚШ-тан көмек сұрағанын хабарлайды. Агенттіктің дерегіне сәйкес, Сирия президенті БАӘ арқылы АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трампқа жүгініп, келісім жасасуды ұсынған. Бұл келісім бойынша, елдің бір бөлігі оның бақылауында қалуы тиіс болған. Сондай-ақ, Асад Иран қолдайтын, оның ішінде «Хезболла» сияқты әскери топтармен кез келген ынтымақтастықты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде ол Батыстың ұрыс-қимылдарды тоқтатуына көмектесуін сұраған.
Bloomberg мәліметінше, Асад жоғары лауазымды өкілі арқылы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөздер жүргізген. Асадтың айтуынша, билік исламистердің қолына өтсе, Сириядағы христиан азшылығына қауіп төніп тұр.
Басқа деректерге сәйкес, Сирия оппозициясының саяси комитетінің мүшесі Асад бірнеше елден өзін қабылдауын сұраған, бірақ елдер одан бас тартқан. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Асад Африкаға кетуі мүмкін болған.