Лос-Анджелес округінде 2000-нан астам үй өртеніп немесе бүлініп, кем дегенде бес адам қаза тапты деп хабарлайды LA Times. Өрттің аумағы CBS News мәліметінше, 6,3 мың гектардан асып кеткен.
Өрт салдарынан Энтони Хопкинс, Том Хэнкс, Адам Броди, Джеймс Вудс сияқты көптеген танымал тұлғалар үйлерінен айырылды деп жазады Hollywood Reporter.
«Отбасыммен бірге жаңалықтар көріп отырып, Малибудағы үйіміздің тікелей эфирде күлге айналғанын көру – ешкімге тілемейтін жағдай», — деп жазды әлеуметтік желіде Пэрис Хилтон.
9 қаңтарда Руньон каньонына жақын маңда жаңа өрт басталды. Лос-Анджелестің атақты орындары — Голливудтың Даңқ аллеясы мен концерттік зал Hollywood Bowl өрттің қауіпі астында қалды деп хабарлайды Hollywood Reporter.
Өрттің негізгі мәліметтері:
▪️ Өрттер 7 қаңтар күні таңертең басталып, көп ұзамай Лос-Анджелестің бес ауданын қамтыды, оның ішінде Голливуд жұлдыздары тұратын беделді Пасифик-Палисейдс ауданы бар. Бұл аудандағы тұрғындар, соның ішінде 30 мыңға жуық адам эвакуацияланды.
▪️ Өрттің тез таралуына құрғақшылық пен қатты жел себеп болды. Сейсенбі күні желдің екпіні сағатына 80–103 шақырымға жетіп, өрт сөндіру авиациясын қолдану мүмкін болмады.
▪️ Бейсенбі күні интернетте Hollywood жазуының жанып жатқан фотосуреті тарады, бірақ кейіннен оның жалған екені анықталды.
Лос-Анджелестегі өрттер қаланың беделді аудандарын ғана емес, Голливудтың мәдени нышандарын да қауіпке тіреді. Жергілікті билік тұрғындарды эвакуациялауды жалғастырып, өртті сөндіру үшін барлық күшін салып жатыр.