Солардың бірі – Жетісу облысына белгілі әуесқой селекционер Александр Софин қазақы арғымақтың жаңа тұқымын шығарған еді. Бүгінде «Жетісудың асылы» деп аталатын жылқы басы 200-ге жуықтады.
Селекционер қазақы тұлпарларды өсіруді 2000 жылы бастаған. Назбедеу сәйгүліктер аппақ түсімен, шегір көздерімен ерекшеленеді. Ең кереметі ақ аттар өмір бойы өз түсін сақтайды және көздері көк болып қалады. Табиғаты бойынша олар тыныш және туристік кластерді дамытуда қолдануға жарамды. Денсаулығы басқа жылқылардан кем түспейді.
Мұндай жылқы Қазақстанда жоқ. Елімізде ақ тұлпарлар бар, әрине. Бірақ, олардың маңдайында маңғылы, арқасында басқа түстен жолағы болады және көздері қоңыр келеді. Сондай-ақ, жетісулық селекционер өсіріп отырған жылқылар ештеңеден үркіпейді, шапшаң, қолға да тез үйренеді. Александр жылқы өсірумен 23 жылдан бері айналысып келеді. Мақсаты – қазақ жылқыларын көбейтіп, шегір көзді ақ тұлпарды Жетісудың бренді ретінде таныту.
«Мен бюрократизммен, биліктің енжарлығымен жалғыз күресуден шаршадым. Жақында олар маған жайылым жер берген, мен қатты қуанып едім. Қазір жерді қайтарып алып жатыр. Мен көпшілік алдында ең әдемі жылқыларды пышақ астына қойғым келеді. Облыс басшылығына, жұртшылыққа менің көп жылғы еңбегім қажет болмаса, Жетісудың ең әдемі жылқыларының қалай қырылып жатқанын жұрт көрсін», – дейді Александр Софин.
Дегенмен, жылқы өсіруші жайылымдық жердің жетіспеушілігінен бөлек, басқа да мәселелердің бар екендігін айтты. Атап айтқанда, мал ұрылары. Тіпті олардың ұрлығын дәлелдеу үшін жылқылардың ДНК сараптамасын жасауға тура келген.
Фермердің 12 жастағы қызы Маргарита жылқы десе ішкен асын жерге қояды. 5 жастан бастап атқа мінуді үйренген қыз қазір тұлпардың құлағында ойнайды. Тіпті демалыс күндері таңның атысынан атқа мініп, кеш бата бірақ оралады екен. Ол тек атқа мініп қана қоймай, әкесі сияқты қазақ жылқыларын әлемге танытқысы келеді. Болашақта осы салаға қатысты білім алып, жұмыс істеймін дейді Маргарита. «Қазақтың байлығы жылқыда» дейді Ғабит Мүсірепов. Өкінішке қарай қазір қазақы қарабайырды жанына серік еткен жандар некен саяқ. Елімізде көбіне соғым мен бәйгеге ұсталатын қазақы қылқұйрықтың саны азайып барады.
Сондықтан шегір көзді, ақ түсті қазақтың жылқысын көбейтіп отырған еңбек адамына жер бөлініп берілсе жақсы болар еді. 200-ге жуық сирек кездесетін қазақы жылқыны ұстап отырған Александрдің жайылымдық жер мәселесі шешілсе, ата кәсіпті бұдан әрі өркендетпекші.