Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факт Сарқан ауданында тіркелді. Онда 1 сәуірде Алмалы ауылының тұрғыны жергілікті зираттағы қабір қоршауларының қирағаны және оның ұрланғаны туралы полицейлерге арызданған. Жәбірленуші келтірілген залалды 100 000 теңгеге бағалады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні анықтап, ұстадық. Ол осы ауылдың 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол шойыннан жасалған қабір қоршауларын металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізгені анықталды. Тергеу барысында ұсталған адамға қатысты «Ешқайда кетпеу туралы қолхат» бұлтартпау шарасы таңдалды», – деді Сарқан ауданының полиция бөлімінің бастығы Айдар Амангелдинов.