Сонымен қатар, 2026 жылға қарай қант қызылшасын егу алаңын 2,5 есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы республика бойынша 2026 жылға дейін егіс алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту көзделді.
Ауыл шаруашылығы министрі өңірге жұмыс сапары кезінде қант саласының биылғы жағдайымен танысты.
Ербол Қарашөкеев 300 гектар жерге қант қызылшасын егіп, тамшылатып суғару қондырғыларын ұтымды пайдаланған «Қызылшоқы» шаруа қожалығының егістігін аралады. Аймақ фермерлері министрге техниканың тозғанын жеткізді. Өңірдегі қызылша жинайтын комбайндардың жартысынан көбі жарамсыз күйге түскен.
Министр қызылша техникасына субсидиялау нормативін 50% дейін ұлғайту жөніндегі ұсыныс қаралып жатқанын атап өтті.
«Сонымен қатар, қызылша өсірушілердің өтініші бойынша мемлекеттік қолдауды қайта қарау шеңберінде субсидиялау нормасын 15-тен 25 мың теңгеге дейін ұлғайтудың арқасында келесі жылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының бір тоннасының құнын 40 мың теңгеге дейін ұлғайту жоспарланды. Бұл қызылша өсірушілерді ынталандыру. Осылайша, қант қызылшасының рентабельділігі жүгері, рапс және соя сияқты дақылдардың деңгейіне жеткізіледі», — деді Ербол Қарашөкеев.
Көксу қант зауыты өңдеуге шамамен 24,7 мың тонна қант қызылшасын қабылдады. Келесі аптада осы шикізаттан түйіршіктелген қант шығара бастайды. Кәсіпорын жұмысымен Ербол Қарашөкеев те танысты. Кәсіпорынға шикізатты Жетісудың барлық аудандарынан шаруа қожалықтары жеткізеді.
Өткен жылдан бастап зауыт үздіксіз жұмыс маусымына көшті. Осының арқасында биыл кәсіпорын Қазақстан нарығына 48 мың тонна қант жеткізеді.