Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ақсу ауданының 52 жастағы тұрғыны атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметкерлері оған тиесілі Үлгілі ауылының маңында орналасқан шаруа қожалығынан 2 аңшылық мылтық, 1 иір ойықты винтовка және әртүрлі калибрлі 30-ға жуық оқ-дәрі тапты.
«Іс бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша жүргізіледі. Тәркіленген қару тиісті сараптамаға жіберілді. Тергеу кезінде күдіктіге қатысты «келу туралы міндеттеме» процедуралық мәжбүрлеу шарасы таңдалды», – деді Ақсу аудандық ПБ бастығы Ернар Ширбаев.