Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлесімділікті нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елімізде «Батыл Тойтарыс — 2023» оқу-жаттығуы өтеді, деп хабарлайды alataunews.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
5 сәуірде Жетісу облысында «Көктал» оқу полигонында «Батыл Тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі шеңберінде ведомствоаралық «Бекет» оқу-жаттығуы және ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерімен тактикалық оқу-жаттығудың белсенді кезеңі өтеді.
Оқу-жаттығу барысында Десанттық-шабуылдау әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық ұланның бөлімшелерімен бірлесе отырып таулы жағдайларда және елдімекенде ұрыс жүргізу іс-қимылдарын пысықтап, әр түрлі әдіспен десанттауды орындайды.
Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, түрлі ведомстволық топтарды қолдануды ұйымдастыруда жаңа тәсілдер сынақтан өткізілетін болады.