Жетісу облысы Қабанбай ауылында ата-аналар мектепке дейінгі мекемедегі тамақтың сапасына алаңдаулы екенін айтып, балабақша асханасын тексеруді сұрады. Осыған орай Алакөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жазбаша арыз келіп түскен, деп хабарлайды Alataunews.kz облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қуаныш 2» балабақшасы ата-аналарының айтуынша, балаларға мерзімі өтіп кеткен және иісі жағымсыз тартылған ет беріледі.
Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған.
Мәселе бұл ғана емес, балабақша аумағында антисанитариялық жағдай да орын алған.
Терезе алдындағы шаң мен әжетханадағы тарақан мектепке дейінгі мекемеге келген ауыл тұрғындарын шошытып отыр.
Балабақшаға Алакөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және ұлттық сараптама орталығының мамандары келді.
Олар зертханалық сынама алып, 24 шілдеде жоспардан тыс тексеріс бастады.
Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мәліметінше, зертханалық зерттеуге ас блогының 4 персоналынан бактерия тасымалдаушылыққа алынған сынамадан, ауыз судан микробиологиялық және санитариялық-гигиеналық зерттеуге алынған сынамадан теріс нәтиже шықты.
Сондай-ақ, микробиологиялық зерттеуге дайын тамақ өнімдерінен 4 сынама алынып, бәрінен оң нәтиже анықталды.
Микробиологиялық зерттеуге 20 шайынды алынып, оның 2 сынамасынан ішек тобы таяқшасы бактериялары анықталса, дайын тағам үлгілерін және олардың құнарын зерттеуге 3 дайын тағам алынып, нәтижесі теріс шықты.
Сонымен қатар, еттің термиялық өңдеуін тексеру үшін мамандар асханадан дайын етті алып, нәтижесі етті өңдеудің стандартқа сай екенін көрсетті.
Тағы да зертханалық зерттеуге сынама, микробиологиялық зерттеуге патогенді микрофлораға шайынды алынды.
Нәтижесі енді белгілі болады, тексеру әлі де жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда Қабанбай ауылындағы мектепке дейінгі мекемеде 140 бала тәрбиеленіп жатыр.