Ауыл әкіміне кандидат болған Көксу ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Ержан Батыршаев сайлаудың әділетсіз өткеніне шағымданды.
«2022 жылдың 18 желтоқсанында ауыл әкіміне сайлау өтті. Сол сайлауға Алғабас ауылының атынан кандидат болып тіркелдім. Сайлауда менің азаматтық құқымды жерге таптап, заң бұзып, маған дауыс бергізбей, ауыл тұрғындары атынан бюллетень жасады», — деді Ержан Батыршаев Президентке жолдаған видеоүндеуінде.
Оның сөзінше, оның заңды өкілдері сайлауға келіп, дауыс беруге келген адамдар санын есептеп отырған. Айтуынша, сайлауға 418 адам келген. Ал бюллетеньдерді санағанда 418 емес, 520 дауыс беру қағазы шыққан. Яғни шағымданушы 102 адамның дауыс беру қағазының қолдан жасалғанын алға тартып отыр,
Бірақ Көксу ауданының әкімдігі шағымдағы уәжді жоққа шығарды.
«Батыршаевтың шағымынан кейін сайлау комиссиясы бюллетеньдерді қайта санап шықты. Бұл жұмыстар дәлелдеме ретінде видеоға түсірілді. Комиссия қорытындысына сәйкес, сайлаудың заңды түрде өткені анықталды», — делінген Көксу ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, сайлау қорытындысы келесідей: С. Исагуловқа — 359, Е. Батыршаевқа — 330, А. Ахметовке 4 адам дауыс берген.