Әскерге былтыр қазанда шақыртылған Досымжан Сәлімжан жансақтау бөліміне түскен. Ал бүгін 19 жастағы жігіт көз жұмды. Бұл туралы сарбаздың жеңгесі редакция тілшісіне растады.
Қайтыс болған сарбаздың анасы бір күн бұрын Fаcebook-желісінде ұлының әскерде таяқ жегенін, салдарынан жансақтау бөліміне түсіп қалғанын айтып, Президентке үндеу жолдаған еді.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына! Мен, Иманғалиева Ардақ, Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғынымын. Жұмысым мектепте (6-мектеп, бұрынғы Пушкин), бірақ мұғалім емеспін, әрі қарай өздерің түсінерсіңдер. Менің ұлым Досымжан Сәлімжан Беркінұлы (1.10.2005 ж.т) 2023 жылғы 11 қазанда осы Құлсарыдан әскерге аттанған болатын. Барған жерінің мекен-жайы: Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы, Сарыөзек үй № 1-22, әскери бөлімше 29108. (Басшысы Абеков Жасұлан Садуұлы). Әскердегі ұлыммен көптен хабарласа алмағасын бірнәрсені сезгендей дегбірім қашып мазасыздандым. Аналық сезімім алдамапты. Содан ұлым Досымжан 2024 жылғы 3 мамырында таңертеңгі сағат 8:15 те маған қоңырау шалып, ауыртпашылықтан қатты мазасызданып тұрғанын айтты. (Шамасы ішкі-құрылыстары). Ұлым Досымжан бірнәрсені айтпай жасырғандай көрінді маған. «Қызуым көтеріліп тұр» дегендей келтірді. Менің ұлым жәй қызуға былай қиналатын адамдардан емес еді. Әкесі Беркін де бірнәрсе сезгендей әбіржи бастады. Кейін ұлым Досымжанның сағат 10:00 де іштегі әскери санчастьқа түскенін, араға 3 сағат салып оны әскери жедел жәрдем автокөлігімен 170 шақырымдай жердегі Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери клиникалық госпиталіне алып кетіп, жансақтау бөліміне орналастырғанын естідім. Сол күнгі сағат 4:00 де ұлым Досымжанды Иван Викторович деген орыс дәрігері қарайды. (Аудиотаспасы бар). Қорытындысы: екі бөтеке істен шыққан, Диализ, уақытша жасанды бүйрекпен емделуде. Өкпеге, жүрекке, бауырға, асқазанға су толып кеткен. Әскерге сап-сау кеткен сарбаз кенет қалайша мұндай күйге тап болады? Соңғы кезде әскерге кеткен сарбаздардың дарға асылып суицид жасағандарын, әскерден сарбаздардың еңіреп қашқандарын, әскердегі сарбаздардың естерінен айрылып жынды болып кеткендерін, таяқ жеп ұрылатындарын, зорланатындарын, қысқасы ауылға сау қайтпайтындарын әлеуметтік желіден көп еститін едім. Міне, енді кезек менің ұлыма келгендей. Бұған тосқауыл қойылмаса кезек енді кімнің ұлын күтіп тұрғаны белгісіз. Мен іштегі тәртіпсіздіктен орын алған жағдаят екенін бірден сездім. Бала дегенде жан бар ма, дереу күйеуімді ертіп алып аяқ астынан Алматы қаласына жол жүріп кеттім. Жол-пұл, пәтерақы, ішіп-жем секілді нәрселердің қалтаға оңай соқпасы анық. Барғанда бізді ішке ешкім кіргізбеді, ұлым Досымжанмен жолықтырмады. Әскерге өз құштарлығымен, екі аяғымен сап-сау күлімдеп кеткен ұлымның мына күйін естігенде «ұлымыздан айрылдық-ау» деп, әкесі екеуміз еңіреп жылап жібердік. Өз-өзімді жинап алып жан-жаққа қоңырау шалумен болдым. Ұлымның сержанттары «асқазаны ауырып тұрған сияқты, асқазанында жара бар, беті ашылып кеткен, қанаған, соны тазалау керек, әуелден ауырады екен, инфекция жұқтырған» дегені секілді әскерге жарамды кеткен ұлыма жала жаба бастады. Тіпті кеше (11.05.2024) үй-ішіне шындық айтып қояды деген қорқыныштан әскери басшылары ұлымның телефонын алып қойып хабар-ошарсыз қалдырды. Мен бүгінде Алматы қаласындамын. Өжеттілігімнің, пысықтығымның, қазақша-орысша еркін сөйлегендігімнің арқасында ұлымның госпиталға түсу себебін анықтадым. Әскерге барған сарбаздар ант қабылдап болғасын, яғни, ата-аналары үйлеріне кеткен күннен бастап таяққа жығылады екен. Үстеріне көкпеңбек синяктар түседі. Комиссия келіп тексергенде үсті-бастары көгерген әскерлерді әртүрлі сылтаумен (постта тұр, түннен шығып ұйықтап жатыр, т.с.с.) көрсетпей жасырып қалады екен. Ұлымды өз әскери бөлімшесінде Ш.Жанбота есімді лейтенант 1-мамыр күні сабаған. Лейтенант Жанбота ұлым Досымжанға әлімжетік жасап компьютерге отырғызып, өзіне тиесілі жұмыстарды еріксіз күш қолдану арқылы зорлықпен жасатқан. Журнал тіктірген, бояуларына, ине-жіптеріне үйден ақша алдыртқан. Ұлым Досымжан 1-2 адамның аты-жөнінен қате кеткен екен, соған бола өлімші етіп ұрып-соққан. «Қағазды неге бүлдіресің, неге үнемдемедің» деп қосымша және сабаған. Ұлым «тамаққа» деп үйден ақша сұрай беретін еді, сөйтсек, біз сеніп ұлымызды тапсырған осындай қатыгез лейтенанттар қорлайды екен ғой ұлдарымызды. Ұлым каспий гольд арқылы несие алған. Әскердегі бала неге сонша ақшаға мұқтаж? Ұлымыз қайта намыстылықпен бізге ешнәрсе айтпайды. Ұлым 150 000 тг несие бір алды. Жақсы, мүмкін өзіне пайдаланған болар деп өзімді жұбаттым. Және өзге біреудің телефонымен алғаны себепті, каспий гольдының нөмірі қалып қойған. Кейін белгісіз біреулер ұлымның атынан 180 000 тг ақша және алып кеткен. Әзірге онысын тоқтатып қойдым. Өзім жағдайсызбын, мен оның бәрін қалайша өтеймін? Сыбайластық пен жемқорлық әскери бөлімшеде тұнып тұр екен ғой. Мынаумен біз қалай ел боламыз, Жаңа Қазақстан қайда?
Ендігі айтпағым, мен әзірге ішімдегі қыжылды мақала ретінде баяндап отырмын. Мен ұлымды әскерге мүгедек болсын деп жіберген жоқпын. Елін қорғасын деп жібердім. Менің ұлым ел қорғаймын деп әскерге барады, ал басшылары ел қорғауға келген сарбазды сабайды. Сонда оны енді кім қорғайды? Бұны қалай түсінуге болады? Жанботаға айтарым, сен сондай ма мықтысың ба, еркексің бе? Артыңнан екі бөтекеңді түсіргеннен бөлек екі көзіңді ойып, кеңірдегіңді жұлып алатын мықты жіберейін бе, Құлсарыдан, осыған келісесің бе? Ондай жағдай орын алса, ең бірінші қалам алып арызданатын шырақ сен болатын шығарсың. Мен енді Президентке үндеу жариялаймын, тиесілі жерлердің бәріне арызданамын, және осы әскердегі әлімжетік төңірегінде ата-аналар ұлдарын әскерге жібермеу туралы митинг ұйымдастырамын!
ҚР Президенті Қ. Тоқаев, Премьер министр О.Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің басшысы А.Жұмағали, Әскери прокуратура, мына мәселені дереу орнына қойып берулеріңді талап етемін:
1) Менің ұлым әскерге қалай сау кетті, дәл сол күйінде аяқтан тұратын болсын!
2) Ұлымның жансақтау бөлімінде жатқанына бүгін міне, 9 күн болды. Барлық ем-домдары уақытында қабылданатын болсын!
3) Мен ұлыммен сенімді түрде хабарласып отыруым үшін қолына міндетті түрде телефон беретін болыңдар!
4) Бізден кеткен қандай да (моральды) бір шығынның бәрі өтелсін!
5) Қоластындағы әскерлермен еш ісі жоқ басшылар және Жанбота сияқты әскери шенділер қызметерінен қудаланып әрі заң алдында міндетті түрде қатаң жазалансын!» — делінген үндеуде (пунктуация сақталған).