«ҚР-ның Ішкі істер министрлігі аталған мәселеге бей-жай қарамауын сұраймын. Сәуірден осы күнге дейін біздің полиция қызметкерлеріміз, атап айтқанда, аудандық полиция бөлімінің мамандары баспанаға бөлінетін қаржыны ала алмай жүр. Қазір олар жеке бас несиелерін өте алмай, қарызға белшеден батты. Айлықтары шайлықтарынан аспайды», — деп жазды өзінің хабарламасында Сандуғаш Дүйсенова.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органының қызметкерлері бұл мәселені ашық айта алмайтынын, айтса жұмыстан қуылатынын айтты.
Жетісу облысының полиция департаменті болса, аталған қаржы республикалық бюджеттен субвенциялар есебінен бөлінетінін алға тартады.
«Қазіргі таңда полицейлерге 175,3 млн теңге қаржы бөлінбей тұр. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 498,4 млн теңгеге жетеді», — деді ПД өкілі.
ПД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қосымша қаржы бөлу туралы сұраныс облыстық әкімдікке бірнеше мәрте жіберілді. Және бұл мәселеден ҚР ІІМ-нің де хабары бар. Десе де, ақша әлі бөлінбеді. Тамызда да сұраныс хат жіберілді. Қызметкерлердің тұрғын үйге қажетті қаржысы осы хаттағы сұраныс қабылданып, ақша бөлінсе, есепшоттарға аударылады.