Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің тозуы, дизель отынының қымбатшылығы, мемлекеттік субсидиялардың жетіспеушілігі және т.б. мәселелерді көтерді.
Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Ысқақ Өмірәлиевтің айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындарының мал жаятын жері жоқ. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындардың малын өз аумағына өткізбейді. Алайда жайылымдарды өздері де пайдаланбайды.
«Аудан аумағындағы бірнеше мың гектар жер жеке меншік иелікте. Алайда жер игеріп жатқан ешкім жоқ. Не мал жайылмайды, не жер жыртылмайды. Қарапайым халық сонда не істеуі керек? Сонымен қатар, суару маусымында су тапшылығы мәселесі пайда болады. Соның кесірінен, шаруашылықты дамыту қиынға соғып отыр», – деді ол.
Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Сондай-ақ, тағы 18 мың гектарды қайтару бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.
«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Райымбек ауданының тұрғындарын толғандырған тағы бір түйінді мәселе – шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ресімдеу екенін атап өтті.
«Көп адам 90-шы жылдары ҚХР-мен мемлекеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құқығына ие болды. Қазір оны заңдастыру мүмкін болмай отыр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеке меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті, әкімдік қаулысының негізінде уақытша жер пайдалануға толық құқығы ресімделген тұлғаларға да шекара маңы аймағындағы жерге мемлекеттік акті берілмейді. Соған байланысты, шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар мен өзге де мемлекеттік көмекке өтінім беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселені «Жер аманаты» комиссиясы қарастырады», – деді Бақытжан Базарбек.
Комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ұсынған мәліметке сәйкес, былтыр Алматы облысында мемлекет меншігіне 113 мың гектардан астам жайылым қайтарылды. Оның 57,8 мың гектарын меншік иелері өз еркімен қайтарып берді. Тағы 13,3 мың гектар жер сот шешімі бойынша қайтарылды.
Бұған дейін «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі әзірленген еді. Ол елдімекендердегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсетеді.
Жалпы, ел аумағында былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен пайдаланылмай жатқан 5 млн. гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар жер мәселесін жедел шешу үшін «AMANAT» партиясының «жедел желісіне» 8 800 080 44 41 телефон нөміріне арқылы барлық заң бұзушылық фактілері туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады.