Кездесу барысында департамент басшысы жас мамандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін түсіндірді.
«Іріктеуден өтіп, мемлекеттік қызметке кіріскен жас мамандарға мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Оларға 3 айға дейін тәлімгер тағайындалады. Тәлімгер жұмысты қалай атқару керектігін үйретіп, бағыт-бағдар береді. Бұдан бөлек, бюджеттен қаражат бөлініп, Басқару академиясының филиалдарында 3 апталық оқыту өткізіледі», – деді жиында департамент басшысы Ляззат Бейсеқұлова.
Ляззат Бейсеқұлованың айтуынша, мамандар арасында білімді, өзін-өзі дамытуға дайын, ашық жастар өте көп. Яғни, департамент міндеті – сол қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке көбірек тарту.
Сонымен қатар департамент басшысы жас мамандардың еңбекақысына көңіл бөлініп, соңғы жылдары бірнеше пайызға өскенін айтты.
«Жас мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының көлемі – 180 мың мен 240 мыңға дейін. Менің өзіме келетін болсақ, еңбек өтілім – 25 жыл, таза қолыма 580 мың теңге еңбекақы аламын», – деді Ляззат Бейсеқұлова.
Жиында мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасудың бірқатар артықшылықтары да сөз етілді. Олар:
- тұрақтылық және әлеуметтік қауіпсіздік (тұрақты еңбекақы, 2 жалақы мөлшеріндегі сауықтыру жәрдемақысы, жұмыстан қысқартылған кезде 4 жалақы мөлшеріндегі төлем және т.б.);
- мансаптық өсу (мемлекеттік қызметшілердің 66,4%-ы 2022 жылы қызметте ілгерілеуге қол жеткізді);
- іс-тәжірибеден өту, оның ішінде, шетелдік органдарда іс-тәжірибеден өту;
- ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына грантқа түсу (магистратура және докторантура);
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасу;
- тұрғын үймен қамтамасыз етілу.
Айта кетейік, Алматы облысында 3700 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, оның 880-і жастар. 1 қаңтардың дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда облыста 450-ден астам жұмыс орны бос тұр.