Қонаев қаласында өткен жиында өңірдегі білім саласының мәселелері талқыланды. Облыстағы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның мәліметінше, өңірде демографиялық өсім мен ішкі миграцияға байланысты жыл сайын оқушылар саны 13-15 мыңға артып отырады, 1-сыныпқа жылына 35-40 мыңға дейін бүлдіршін қабылданады. Нәтижесінде үш ауысымда білім беру мен орын тапшылығы проблемасы — білім саласындағы өзекті мәселе болып отыр. Облыста жалпы білім беретін 52 мектеп үш ауысымда жұмыс жасап жатыр, ол барлық мектептердің 12%-ын құрайды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салынбақ. Биыл 28 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен 59 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ 2023 жылы «Верный капитал» компаниясы 1800 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілетін болады», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Салтанат Беспаева «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тартылатын мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін үйлердің қажетті санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов республикадағы үш ауысымды мектептердің 3/1 бөлігі осы облысқа тән екенін, аталған мәселенің расымен өзекті екенін айтты.
«Егер республикада 140-тан астам үш ауысымды мектеп болса, соның 52-сі осы облыста. Бұл мәселе тікелей білім беру сапасына әсер етеді. Облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында да, республикалық, жергілікті бюджеттен де мектептер салынады. Сонда біз үш ауысымды мектеп түйіткілін шешеміз. Егер «Жайлы мектептер» салатын болсақ, мұғалімдер тапшылығы да мәселе болады. Келесі жылдан бастап аудандарға, ауылдарға жұмысқа келетін мамандарға көтерме ақы 10 миллион теңгеге дейін өседі. Демек, біз мектептер салынып болғанға дейін мұғалімдерді дайындауымыз қажет, оларды басқаратын директорлар болуы керек, олардың біліктілігін арттыру керек. Білім саласы бойынша арнайы жоспар жасап, бекітіп, Үкіметке, тиісті министрлікке ұсыныңыздар, жергілікті бюджеттің әлеуеті жайлы да ақпарат беріңіздер», — деді Алтай Көлгінов.
Бұдан бөлек, Алтай Көлгінов елімізде 7 жылдың ішінде 7000 кабинет модификацияланып, зертханалық сабақтар өту үшін жағдай жасалатынын да атап өтті.