6500 тұрғыны бар Қайназар ауылының тұрғындары жел тұрса болды мазалары кетеді. Өйткені электр жарығы өшіп қалады, жел тұрмақ ағаш басындағы жапырақ түссе да үрейленіп бітеміз, дейді олар.
«Кеше электр жарығы 5 рет өшті. Сақалымды алып тұрғам. Сол күйі ала алмадым. Береді, өшіреді. Не боран болған жоқ. Өте жиі өшіреді. Өшпегеннің өзінде электр жарығы өте нашар. Әлсіз. Үй қараңғы», — дейді Омарқажы Шақаев.
Қайназар — жарты ғасырдан астам тарихы бар ауыл. Бұрын шағын болғанымен қазір іргесі кеңіген. Қоныстанушылар көп. Мәселені көтерген Қайназардың бұрыннан келе жатқан тұрғындары.
«Жаңа қоныстанып жатқан жақта цемент бағаналар орнатылған. Ал мына ескі Қайназарда электр бағаналары мен сымдар 1968 жылдан бері жаңартылмаған. Тіпті электр сымдары да жиі үзіледі. Мамандар оны жалғаумен ғана келеді», — дейді Кеңшілік Омаров. (аты өзгертілген)
Ал ауыл әкімінің уәжі мүлдем басқа:
«Қайназар ауылында электр жарығы 5 рет өшпейді. Апаттық жағдай болған кезде уақтылы жасалып тұрады. Ал электриктер ағаш кесетін кезде немесе жөндеу жұмыстарына байналысты өшіретін болса, әкімшілік тарапынан халыққа инстаграм парақшасы арқылы және ауылдың ватсап чаттары арқылы хабарландыру беріліп отырады», — дейді Қайназар ауылының әкімі Нұржан Қанағатұлы.
Жергілікті биліктің айтуынша, электр бағандарын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын, қаражат бөлінген. 2023 жылдың басынан аталған жоба жүзеге аса бастайды.