1968 жылдары салынған нысан құлағалы тұр. Бірақ оның жұмысын тоқтатуға болмайды. Себебі Қонаевта бұдан басқа кәріз тазарту ғимараты салынбаған, деп хабарлайды almaty.tv.
Аты өзгергенімен, Қонаев қаласында Қапшағай кезінен бар мәселелер шешім таппай келеді. Осы қыста да жылу тапшылығын көріп едік, енді қаладағы құдықтардан биыл да жағымсыз иіс шыға бастады, дейді мұндағы жұрт. Сөздеріне сенсек, олар кешке далаға шығудан, тіпті терезе ашудан қалған.
«Жағымсыз иіске әрең шыдаймыз. Жел ессе болды, үйдің ішінен жағымсыз иіс шығады. Кешке серуен құру тұрмақ, кейде терезе аша алмаймыз. Жағымсыз иіс қаладағы құдықтардан шығатыны биыл ғана емес, бұрыннан бар мәселе. Кезінде тіпті, үйдің ішіндегі ванна мен ыдыс жуатын жерден де жаман иіс шыққан болатын», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Марта Тен.
Қонаевтағы ескірген, әрі жалғыз кәріз стансасы осы. Іштегі қалдық осында құйылып, қаланың сыртына төгіледі. Бірақ бүгінде жарты ғасыр бұрын салынған нысан апатты жағдайда.
Адамдардың ағызбайтын дүниесі жоқ. Олар төккен қалдықтың бәрі кәрізге құйылады. Ал Қонаев қаласындағы кәріз тазалау ғимаратының тозығы жеткен. Кезінде мұнда арнайы құрылғының бәрі болыпты.
Алайда оның бәрі бұзылған. Енді жұмысшылар қолына күрек пен тырма алып, дәл мына сумен келген қоқысты қолмен тазалауға мәжбүр.
Қазір негізгі станса толық күшімен жұмыс істеп тұр. Бой көтерген кезінде 25 мың шаршы метр кәріз суын қабылдай алатын еді. Бірақ қазір оған қауқары жетпейді. Қонаевта бұрыннан бар үйлерден келетін 16 мың текше метрдің өзін әрең қабылдайды. Енді ертең баспана саны көбейсе, жағдай қиындай түсуі бек мүмкін.
«Жаңа үйлерде де осындай мәселе болғалы тұр. Кәріз стансасы салынбағанша, жаңа үйлерде техникалық шарт жасалынбайды. Себебі бізде алатын жер көлемі жоқ», – деді «Қонаев су арнасы» МКК директоры Мәди Темірәлиев.
Мәселеден қала әкімі де хабардар. Сөзіне сенсек, жаңа станса салу жоспарда бар. Бірақ құрылысын бүгін-ақ бастап кетейін десе, ең алдымен құжат жағы пысықталуы керек дейді.
«Қазір жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, бүгінгі таңда мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияладық. Сол жұмыстарды істеп жатырмыз», – деді Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.
Қонаевқа су жаңа кәріз стансасын салуға шамамен 16 миллиард теңге бөлінбек. Айта кетсек, тозығы жеткен жүйенің машақатын өзге өңірдегі тұрғындар да көріп отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, мұндай мәселе тағы 27 қалада бар.