Айгерім Қазбекқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Биылғы оқу жылы ол үшін ерекше басталған. Себебі, ол биыл отбасымен бірге Қонаев қаласына көшіп келіп, шаһардағы Д. Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебіне жұмысқа орналасқан.
«Мұғалімдік қызметтің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Десе де, осы 6 жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттім. Оқушыларым да түрлі байқаулардың, олимпиадалардың жүлдегерлері. Сонымен қатар 6-сыныпқа жетекшілік етемін. Мен үшін сынып жетекші болу балаларға екінші ана болумен тең», – деді ұстаз.
Педагогтер денсаулығына, үйдегі жағдайына байланысты мектепке қатынай алмайтын балаларға да сабақ береді. Айгерім Қазбекқызы осы бағыт бойынша да сөз қозғады.
«Биыл 5-сынып оқушысы Жасмин атты қызбен жұмыс жасап жатырмын. Үйіне барып сабақ беремін. Жалпы үйде оқитын оқушылар мен мектепте оқитын оқушыларды салыстыруға келмейді. Әр баланың ерекшелігіне, мінез-құлқына қарай жоспар құрылады», – деді маман.
Сондай-ақ ол мемлекеттің мұғалімдерге көрсетіп жатқан қолдауы туралы айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін еңбекақы көлемі ұлғайды. Мұғалімдерге ерекше мәртебе берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің қолдауы. Бұдан бөлек, жастардың баспаналы болуы үшін түрлі бағдарламалар жұмыс жасайды», — деді Айгерім Қазбекқызы.
Сөз соңында ол барша ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.