«Арнайы операция барысында ҰҚТ 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі заты тәркіленді», — деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.
«Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған», — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі кезде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.