2023 жылдың басында құрылысы басталған нысан мерзіміне сәйкес қолданысқа берілді.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, аймақ халқының қуанышымен бөлісті.
Өңірде мұндай жайлы, жарық спорт кешені бұрын соңды болмады деген Кіші Дихан округінің әкімі Елдос Таубалдин, келешекте бұл жерден әлемді бағындыратын дүлділдер шығатынына сенімді екенін жеткізді.
«Көптен күткен қуаныш. Аймақ халқының үлкенімен кішісі дән риза. Біздің округте жалпы 2,5 мың адам тұрса, соның 800-ден астамы жастар. Ендігі кезекте жас буын өзінің бос уақытын тиімді өткізетін болады. Ол үшін бар жағдай жасалған», — дейді Кіші Дихан округінің әкімі Елдос Таубалдин.
Екі қабатты ғимаратта әмбебап спорт залы, бокс және күрес залдары, әкімшілік-техникалық бөлмелер, 24 және 15 орындық киім ауыстыратын бөлме, жаттығу залы, медициналық қызметкерлердің кабинеті бар.
Жобалық құны 828,2 млн теңге болған кешеннің жалпы аумағы — 1509,80 шаршы метр.
50 орынға лайықталған нысан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынса, оның құрылысын «СП-Нефть» ЖШС мердігер компаниясы жүргізген.