Клуб мүшесі ретінде 5 мектептің 85 оқушысы Шонжы ауылының Мәдениет үйінде ант қабылдады. Сондай-ақ жас полицейлерге арнайы куәліктер табыс етілді.
«Жас полицейлер» клубы — мектептердегі Өзін-өзі басқару ұйымының құқық фракциясында қызмет етеді. Яғни, олар аудандағы полиция бөлімшелерінің мамандарымен және оқу ошақтарындағы құқық менеджерімен байланыс орнатып, мектептердегі құқықбұзушылықтың алдын алады», — деді Алматы облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мадияр Шарапов.
Оның айтуынша, бүгін балаларға берілген куәліктер оқушыларға біршама артықшылықтар береді. Оның бірі — куәлік көрсету арқылы жас полицейлер кез келген оқушыға тәртібі, жүріс-тұрысына сын-ескертпе айта алады. Және олар құқық менеджеріне есеп беріп, ескерту алғандармен арнайы жиналыс өткізеді. Жиыннан соң тәртібін түземегендер полиция бөлімшесінің «жөнсіз мінез-құлық көрсеткен, құқық бұзған оқушылар» тізіміне енгізіледі.
Сонымен қатар маман клубқа қабылданғандар мектеп бітіргенге дейін ҚР-ның әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық туралы заңдарын меңгеріп шығатынын айтты.
«Жас шекарашылар туралы айтар болсақ, олар аудандағы әскери бөлімдерге барып, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысып, оны басқаларға насихаттаумен айналысады. Және оларға әскерилер қосымша сабақ беріп, шекара қызметінің қыр-сырынан хабардар етеді. Олар 11-сыныпты тәмамдағаннан кейін әскери борышын өтеуге тас-түйін дайын болады. Қазіргі таңда клубтардың ұйымдастыратын шараларының жобасы бекітіліп жатыр», — деді Мадияр Шарапов.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева болса, бұл клубтар ашылған соң білім ошақтарында тың өзгеріс болатынын тілге тиек етті.
«Бұл клубтың ашылуы — мектеп жұмысына тың өзгеріс енгізетіні сөзсіз. Себебі, кейде ұстаздың тілін алмайтын оқушылар да кездеседі. Мұндайда өзіндік міндеттемесі, қызметі бар клуб мүшелері көмекке келеді. Олар барлығына үлгі көрсетер мектептің бет-бейнесіне айналуы тиіс. Қаршадайынан «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берген бала жауапкершілікті сезініп өседі. Бұдан бөлек, олар қоғам өміріне ерте жастан араласады. Өзін-өзі дамытуға, мектепте әдеп пен тәртіпті сақтауға құштар оқушыдан ел ертеңіне алаңдайтын азаматтар шығатынына үмітіміз мол», — деді бөлім басшысы.
Әскери-патриоттық клубтарға алдағы уақытта тағы бірнеше мектеп оқушылары мүшелікке қабылданады. Ұйғыр ауданында «Жас сарбаз» клубын құру да жоспарланып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram