Ауа температурасының -4 градусқа дейін төмендеуі және қардың жоғарыдан ұйытқуына байланысты Астанадан шығатын автожол жабылды. Бұл туралы «109» қызметі хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, «Астана – Петропавл» республикалық маңызы бар автожолдың 18-234 шақырым аралығы, яғни «Астана – Щучинск» учаскесі көліктің барлық түрі үшін жабылды.
Еске салайық, 22 қаззан күні сағат 20.00-ден бастап Ақмола облысындағы «Көкшетау – Атбасар» трассасында көліктің барлық түріне қозғалысқа тыйым салынды.
Сондай-ақ сағат 22.00-ден «Астана – Көкшетау» автожолында («Астана – Щучинск – Көкшетау») шектеу енгізу жоспарланып отырғаны айтылған болатын.
Кейін қар мен жол бойының көріну нашарлығына байланысты «Көкшетау – Рузаевка» күре жолының екі учаскесі жабылды: біріншісі – Ақмола өңірінің шекарасынан Рузаевка ауылына дейін (СҚО территориясы), екіншісі – Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін (Ақмола облысының территориясы).
Жексенбі күні СҚО-да алғашқы қар жауғанын жазған едік.
Синоптиктер, 23 қазанда күн райының бұзылуына байланысты 17 өңірде ескерту жариялады.