Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі тұрғын үй бағдарламалары, салынған тұрғын үй көлемі және алдағы жоспарлар туралы баяндады,деп хабарлайды alataunews.kz.
Шенеуніктердің талдауына сәйкес, тұрғындардың өтініштерінің 60-70% тұрғын үй жағдайын жақсартуға байланысты. Олардың негізгі мәселелері:
- Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту;
- Жолдарды жөндеу;
- Аулаларды абаттандыру.
Алматы облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі. Облыс ел бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша 5-орында:
- Биыл 838 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді;
- Дегенмен, тұрғын үй кезегі әлі де жоғары – 41,1 мың адам (2023 жылы – 39 989 адам). Олардың 80% – әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар (32,9 мың адам).
Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй мәселесін шешу үшін:
- 1 304 жалдамалы пәтер сатып алынады;
- Бұл мақсатқа 20,7 миллиард теңге бөлінді;
- Бұл 2 156 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Алатау жастары» өңірлік бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді:
- Өткен жылдан бері 84 жас отбасы жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болды;
- Бұл мақсатқа 1,3 миллиард теңге бөлінді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында:
- 664 маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алды;
- Жалпы сомасы 4,6 миллиард теңгені құрайды.
Бұл бағдарламалар әлеуметтік мәселелерді шешіп қана қоймай, жастарды аймақта қалуға ынталандырады және өңірдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Алматы облысында тұрғын үй саласындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.