«Осы мүмкіндікті өңірдегі медицина орталықтары тиімді қолдануы керек деп ойлаймын. Онда заман талабына сай емдеу және оңалту бағдарламаларын қолға алуға болады. Емдеу-сауықтыру туризмінің болашағы зор. Осы аймақта кезінде «Қапал-Арасан» шипажайы өте танымал болатын. Бұл – сонау ХІХ ғасырда ашылған Қазақстандағы алғашқы емдеу-сауықтыру орны. Осы шипажайды қайта жаңғырту мәселесін қарастырған жөн», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін балалар спортын және бұқаралық спортты насихаттау керектігіне мән берді.
«Елімізде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Онда 2025 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Қазір Жетісу облысында бұл көрсеткіш – 34 пайыз. Көздеген мақсатқа жету үшін спорт инфрақұрылымын дамыту қажет. Мұны, әсіресе, ауылдық жерлерде қолға алған жөн», – деді Мемлекет басшысы.