Елімізде қылмыстық-атқару жүйесіне өзгерістер енгізілген. Нәтижесінде жазасын өтеушілердің еңбек етуіне жол ашылды. Бұл реформа Алматы облысының түзеу мекемелерін де айналып өтпеді.
Заречный ауылында ЛА 155/8, ЛА 155/14 колониялары орналасқан. ЛА 155/8 түзеу мекемесінде 15 жеке кәсіпкер (ЖК) заңды түрде тіркеліп, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Ал ЛА 155/14 мекемесінің өнеркәсіп аумағында ЖШС мен ЖК бар. Аталған мекемелердегі цехтарда жазасын өтеушілер таза былғарыдан аяқ киім тігіп, ағаш пен темір, тастан тұрмысқа қажет бұйымдар (домбыра, шахмат ойнайтын тақта, орындық, диван, бесік, кәдесый т.б) жасайды. Қолөнерден бөлек, түрме аумағында шұжық цехы жұмыс істейді.
Ал облыстағы Іле ауданының Жауғашты кентіндегі ЛА 155/4 түрмесінде өнеркәсіптің бірнеше түрі дамыған: тігін, тоқыма, матрац, жүн цехтары мен наубайхана.
«Кез келген кәсіпкер үшін нысанды жалға алу тегін. Ол тек өндіріске қажетті тауарды сатып алуға шығынданады және коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны үшін ақша төлейді. Бұндай өнеркәсіп орындарда жұмыс істеген сотталушыларға төленетін еңбекақының ең төменгі мөлшері – 60 мың теңге», — дейді «Еңбек-Жауғашты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өндіріс жөніндегі орынбасары Қуаныш Ерсінбекұлы.
Оның айтқанына сүйенсек, қазіргі уақытта жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорындарда 5 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан сәтті жобалар аз емес. Тағы 8 гектар бос жатқан жер бар. Бұл жерге ЖК мен ЖШС сэндвич-панельден кәсіпорын салып, пайдалануына болады.
Айта кетейік, кәсіпорында жұмыс істеу үшін сотталғандар арнайы тексерістерден өтеді. Және жасаған қылмысының ауыр я жеңілдігіне қарамай, жұмысқа тұруына мүмкіндік қарастырылған. Олар қанша жұмыс істесе де, жазасын өтеу мерзімі қысқармайды. Айлықтарын отбасы мен жақындарына жіберуге болады немесе колониядағы дүкеннен керек-жарақ алуға жұмсайды.