«Таңғы 5:00-де үйден шығып, Алматыға жұмысымызға жеткенше сағат 9:00 болады. Үлкен Алматы айналма жолы салынып жатқаны дұрыс, десе де, мұнымен түйін тарқатылмайды. Тұрғындардың Алматы қаласына қатынайтын бағыты — Үлкен Алматы каналы (ҮАК) бойымен өтетін жол. Бұл бағыт Рысқұлова-Құлжа қиылысына дейін барады. Ал Алматыдан бері есептегендегі соңғы нүктесі — Есік қаласына апарар жолға жалғасады. ҮАК жолын үлкейтуді қолға аласыздар ма, электр пойызы жүретін жол саласыздар ма, кептеліс мәселесін шешіп беруді сұраймыз», — деді облыс әкіміне сұрақ қойған Талғар қаласының тұрғыны.
Марат Сұлтанғазиев болса мұнда электр пойызы жүретін жол салу тиімсіз екенін кесіп айтты.
«Түрік инвесторларымен кездесу өткізгенде Талғарда теміржол салу тиімсіз екенін айтты. Себебі, мұнда халық тығыз орналасқан. Екіншіден, қала жоспарында бұл жоба қарастырылмаған. Үшіншіден, көп уақыт пен қаржыны қажет етеді. Оған қарағанда, жер асты теміржолын салу ыңғайлы. Дегенмен, бұның бәрі бір күнде шешілетін мәселе емес», — деді өңір басшысы.
Тұрғынның сұрағына жауап берген Марат Сұлтанғазиев ҮАК жолын кеңейту де инвестицияны қажет ететін проект екенін айтты.
«ҮАК жолын кеңейту мәселесі Республика көлемінде талқыға түседі. Инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл түйіткілдің түйінін тарқату тек облыстың ғана емес, Алматы қаласының да мүддесінде», — деді облыс әкімі.