30 қарашада сағат 19:00 шамасында Талғар ауданының Панфилов кентіндегі магистральдық газ құбырына ағаш құлап, 5 мыңға жуық тұрғын үй газсыз қалды. Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, газ құбыры апаттың салдарынан зақымданған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында учаскелер бойынша газ беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып жатыр. Қауіпсіздік үшін газды қайта іске қосу кезең-кезеңімен жүргізілетін болады», — деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ауылдарды газға қайта қосу кезінде мамандар аулаларды аралайды.
«Сондай-ақ, ауыл тұрғындарынан қауіпсіздік мақсатында газ жабдығының апаттық крандарын жабуды сұраймыз. Қажет болса, жылытудың резервтік түріне көшуді сұраймыз!», — делінген хабарламада.
Жергілікті билік тұрғындардан қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауды сұрады. Соңғы мәліметтер бойынша, апатқа байланысты Жүздібастау, Гүлдала, Панфилов ауылдары, сондай-ақ Түрксіб ауданының Нұршашқан шағын ауданының тұрғындары газсыз қалды.
Барлық қосымша сұрақтар бойынша тұрғындар диспетчерлік қызметке 389-85-74 телефоны бойынша хабарласа алады.
Газ желілері «Тәуекел Газ» ЖШС қызмет көрсету ұйымына тиесілі екені белгілі болды.
Газ магистралінің апаты болған орынға Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов келді. Апатты жоюға 40-қа жуық адам жұмылдырылды.