Елді мекендерге газ құбырын жүргізген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы басшысының айтуынша, бұл ауылдарға 72 шақырымнан астам газ құбыры жүргізілді. Тұрғын үйлердің барлығы газға қосылғанда 7 мыңнан астам адам және жалпы саны 44 болатын әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынды тұрақты тұтынатын болады.
«Осы күнге дейін 400-ге жуық тұрғыннан техникалық шарт жасасуға өтініш түсіп, қабылданды. Нәтижесінде 250 тұтынушы газға қосылды. Бұл процесс күнделікті жалғасып жатыр. 3 елді мекенге табиғи газ «Талғар» және «Төңкеріс» автоматты стансаларынан беріледі», — деді филиал басшысы Айвар Малиев.
Сонымен қатар ол тұрғындарға газды тұтынудағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылғанын айтты.
«Газ, әрине, адам тұрмысын жеңілдетеді. Дегенмен газбен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан жұртшылыққа арнайы жадынамалар таратылды», — деді Айвар Малиев.
Газға қосылу бағасы 150-180 мың теңге аралығында. Үй иелері Жетісу өндірістік филиалымен келісе отырып, қосылу құнын бірнеше айға бөліп төлеуге мүмкіндіктері бар. 1 текше метр газ үшін тұрғындар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на бекітілген тариф бойынша 31,8 теңге төлейді.
«Осы уақытқа дейін біздің филиал Алматы және Жетісу облысын қоса есептегенде барлығы 2 000 шақырымға жуық газ құбырын жүргізген. Көгілдір отынды 61 мыңнан астам абонентке жеткізіп отыр», — деді филиал басшысы.
Айта кетейік, Талғар ауданы бойынша 48 елді мекен бар, оның 31-і (64,5%) газдандырылған.