«Биыл жазда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Сонда біз Алматы қаласының қолдау орталықтарына қатынау қиын екенін айтып, одан қарағанда тұрғылықты жерімізде осы тектес ұйым ашуға ұсыныс білдірдік. Өтінішіміз жерде қалмады. Міне, бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, ұйымның тұсауы кесілді», — дейді көпбалалы ананың бірі, ұйым жұмысының басы-қасында жүрген Толқын Саметова.
Ал «күміс алқа» иегері Кенжегүл Гуалиеваның айтуынша, бұл орталықтың мақсаты — аналарға «балық беру емес, қолдарына қармақ ұстату».
«Осы жерде аналар шаш қиюды, тігін тігуді, массаж жасауды игеріп, ағылшын тілін тегін үйренеді. Сабақтар аптасына 3 рет 2 сағаттан өткізіледі. Әйелдер шеберлік сағатына қатысып жатқанда балаларына шет тілі үйретіледі», — деді көпбалалы ана өз сөзінде.
Толқын Саметованың айтуынша, көпбалалы аналарға тігін ісін үйретіп жатқан Гүлзада Бегімбетованың өзі де осы санатқа кіреді. Ол «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы өз ісін дөңгелеткен кәсіпкер.
«Оған көпбалалы аналарға іс тігуді үйретіңіз деп қолқа салдық. Бірден келісті. Бұл шеберханада түрлі спорттық киімдер тігіліп, қолжетімді бағамен базарда саудаланады. Жақында өз брендіміз болады», — деді Толқын Саметова сөзін жалғап.
Шараға қатысқан облыс әкімінің баспасөз хатшысы аймақтағы басқа аудандарда да осындай орталықтар ашылатынын айтты.
«Өңір басшысының тапсырмасымен ең алғашқы ұйым Талғар ауданында ашылды. Себебі мұнда халық тығыз орналасқан, көпбалалы 6123 отбасы бар. Қазіргі таңда орталықты үлкенірек ғимаратқа көшіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Айта кетейік, орталықта психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер, мұғалім, тағы бірнеше маман қызмет етеді. Оларға мемлекеттің арнайы бағдарламасы бойынша еңбекақы төленеді. Болашақта мамандар саны артады.