«Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі — шағын және орта бизнесті дамыту. Облыста 125,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде Талғар ауданында 19 мыңнан астам. Мұнда 38 мың адам қызмет етеді және облыста 3 орын алады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде ауданның 41 кәсіпкеріне мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Дегенмен, Талғар ауданында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі жоғары (28,7%), ал жұмыссыздар саны – 5,6 мың адам. Осыған орай, облыс әкімі аудан әкіміне халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, аталған санаттағы азаматтарға өз ісін ашу үшін шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ ол халықты жұмыспен қамтып, жұртшылықтың төмен табысы мәселелерін кешенді шешу үшін «Алматы облысының 2029 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» жөніндегі өңірлік жоспары қабылданғанын айтты. Және тиісті басқарма басшыларына осы жоспардың сапалы іске асырылуын және көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды.