Алматы облысында магистральдық газ құбырлары трассасы бойындағы ағаштардың газ құбырларын зақымдауын болдырмау мақсатында тексеру жүргізіледі. Талғар ауданы Панфилов кентіндегі магистральдық газ құбырына шіріген ағаш құлағаннан кейін аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілді.
«Мамандар магистральдық газ құбырлары трассасының бойындағы жасыл желектердің жай-күйіне баға береді. Қажет болған жағдайда санитарлық кесу жүргізіледі. Тұрғындарға кесуге қажет ағаштар анықталған жағдайда әкімдіктерге хабарлауды сұраймыз», — деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Ол газ құбырына құлаған ағаштың шірігенін, сонымен қатар өткен аптада қатты жауын-шашын мен қатты аяз болғанын атап өтті.
Хабарланғандай, 30 қарашада сағат 19:00 шамасында Панфилов кентіндегі магистральдық газ құбырына ағаштың құлауына байланысты 5 мыңға жуық тұрғын үй газдан ажырап қалды.
Жүздібастау, Гүлдала, Панфилов ауылдарының, сондай-ақ Түрксіб ауданы Нұршашқан шағын ауданының тұрғындары газсыз қалды. Апатты жою үшін жөндеу жұмыстары жедел басталды. Бүгін сағат 01:00-ден бастап газ беруді қалпына келтіру жоспарланды. Қауіпсіздік мақсатында газды іске қосу учаскелер бойынша кезең-кезеңмен берілетін болады.