Есірткі 46 жастағы ер адамға тиесілі жеке үйдің жерқоймасынан табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Ұсталған ер адам бұрын жауапқа тартылмаған және жақында ғана полицияның назарына ілікті. Рұқсат етілген тінту кезінде оның үйіндегі еден астынан полиэтилен пакетке салынған салмағы 2 келі 478 грамм гашиш табылды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есiрткi заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды», – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымынан 28 келі түрлі есірткі тәркіленді. Олардың ішінде 21 келі аса марихуана, 4 келі аса гашиш және 2 келі 40,59 грамм «синтетика».