Арнайы операция өткізу барысында Жетісу полицейлері Талдықорған қаласында есірткі сақталған пәтерді анықтады. Заңсыз қызметті ұйымдастырып, есірткі таратқаны үшін пәтерді жалға алған 21 жастағы бойжеткен күдікті деп танылды.
Нәтижесінде полиция мефедрон және «жылдамдық» деп аталатын 2 келіден астам есірткіні тәркіледі. Күдіктіні ұстау операциясын облыс прокуратурасы қызметкерлерінің үйлестіруімен Жетісу облысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорғандағы шағын ауданының бірінде жүргізді.
Сол жерде изолентамен оралған 105 полимер орамдары, сондай-ақ алдын ала дайындап қойған тағы 40 «бетбелгі» тәркіленді. Пакеттердің ішіндегі барлығы синтетикалық есірткі болып шықты.