147 пәтерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қандай жолмен берілгенін тексеріп жатыр.
«Мемлекет меншігіне қайтарылған 46 пәтер қазір кезекте тұрғандарға үлестіріліп жатыр. Оның 18-і кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға, 12-і түрлі мемлекеттік қызметте істейтін қызметшілерге қызметтік пәтер ретінде берілді. Ал одан бөлек 147 пәтердің қандай жолмен берілгенін антикор тексеріп жатыр», — деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы Мади Шакенов.
Ведомство өкілінің айтуынша, 2013-2021 жылдар аралығында 1026 пәтер заңсыз берілген. Одан бөлек 669 пәтер әлеуметтік осал топтарға, ал 357 пәтер бюджет пен мемлекет қызметкерлеріне берілген.
«669 пәтер иесінің 545-і өзінің осал топқа жататынын дәлелдейтін құжаттарын әкелді. Жұмыстар жалғасып жатыр», — деді Мади Шакенов.
Айта кетейік, қазір облыс орталығында 180 мың халық бар. Ал, баспана кезегінде 14 900 адам тұр.