Үш алматылық келіншек 16 желтоқсан күні Талдықорған ҚПБ қарақшылық шабуыл жасады деген арызбен жүгінді. Қыздардың қолма-қол ақшасы мен телефондары ұрланған. Оларға келтірілген залалдың жалпы сомасы 1,7 млн теңге. Әйелдер қалада массаж салонын ашуды жоспарлаған, оған шағын аудандардың бірінде тұрғын үй жалдағаны белгілі болды.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері шабуыл жасаған үш ер адамды ұстады. Олардың бірі жергілікті тұрғын, қалған екеуі Алматы қаласынан келгендігі анықталды. Үш күдікті бұрын соңды ұрлық істегені үшін сотталған. Жоғарыда аталған ер адамдардың қылмыс жасауына себепкер болған және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған арандатушы рөлін атқарған әйел де ұсталды», – деп хабарлады Талдықорған ҚПБ тергеушісі Ұлан Қаптағаев.
Іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Соттың санкциясымен үш күдікті қамаққа алынды. Ал қылмысқа себепкер болған әйелге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы таңдалды.