«Талдықорғанға табиғи газ 2017 жылы тартылды. Қазір тұрғындардың 55%-ы немесе 30 мың абонент қана табиғи газ құбырына қосылған. Абоненттердің табиғи газға қосылмай жатқанының себебі, бағасы қымбат деп ойлаймын. Газ қостыру құны, оның ішінде қазандығы бар, барлық шығын 700 мың теңгеге дейін барады. Бұл – өте қымбат. Ол 170 мың теңгеден аспауы керек», — деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ, әкім жауапты ұйым өкіліне қызмет құнын төмендету бойынша нақты тапсырма берді. Ал, мәселенің қалай шешілері әзірге белгісіз.
«Қазір газды қосудың толық құны 450-650 мың теңге аралығында. Бұл жерде қазандықтың бағасы қымбат болып тұр – 250 мың теңгеден жоғары бағада. Ал, құбырды үйге кіргізу, яғни пеш пен газ плитаға қосу құны – 30 метрге дейін 150 мың теңге. Қазандықтың мәселесін қалай шешеміз, білмейміз. Ол бізге Корея елінен жеткізіледі. Мұндағы проблема қазандықтың қымбаттығында болып тұр», — деді газ тартумен айналысатын «Дат Контененталь» ЖШС жетекшісі Алмас Смағұлов.