Талдықорған полициясының қызметкерлері автокөліктерді тұраққа қою ережелерін бұзатындарды анықтау бойынша іс-қимылды жандандырды.
«Көлік құралдарын жол бойында қалдыратын және тоқтау мен тұрақтауға тыйым салынған басқа да жерлерге қоятын жүргізушілер жол қозғалысын едәуір қиындатады. Қала тұрғындары бұл мәселені түбегейлі шешуді талап етеді», — деді патрульдік полиция ротасының командирі Руслан Примжанов.
Жыл басынан бері көліктерін дұрыс қоймағаны үшін 5 961 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 91 млн теңгеден астам айыппұл салынды.