33 жастағы ер адам сауда үйінің маңында қолға түсті. Ол банкоматты бұзып, қолма-қол ақшамен қашып кетуге тырысқан. Бірақ полицейлер оны ұстады. Жеке күзет ұйымының қызметкері де көмектескен.
Ұсталған адам Сарқан қаласының тұрғыны болып шықты. Облыс орталығына ұрлық жасау мақсатында арнайы келген. Одан банкоматты бұзуға қажетті құралдар – арқан, тістеуік, металл кескіш, бетперде және жұмыс қолғаптары тәркіленді. Күдікті қылмысқа жан-жақты дайындалған. Бейнебақылау камераларының бар-жоғын, ғимараттарға кіру және қашу жолдарын зерттеген.
«Қазір күдіктінің Талдықорған қаласындағы үш, Сарқан қаласындағы үш және Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы бір ұрлыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Алты жағдайда банкоматтар бұзылған. Жалпы шығын шамамен 8 млн теңгені құрады», — дейді полицейлер.
Күдікті қамауға алынды. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет) бойынша екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.